< Әкені сынаған түн--حالىق تورابى--人民网
Бетті сақтау | Бас бет етү | Хабарласыныз | Біз туралы Жүңго коммунистік партясы ақпарат сайты    
  • Орталық
  • Ел іші
  • Қалықара
  • Шинжйаң

СҮРЕТТІ ҚАБАР

Кесеын



حالىق تورابى>>Қазақша>>Әдебйет

Әкені сынаған түн

(Әңгіме) 

 Өркен Ақбердіұлы

2012.09.11 10:20    келу қайнары :Халық торабы


Кеңсай сайлағымен жүйіткіп келемін, тамылжыған табиғат! Жоғары жағым ــ ақ қалпақты асқар шың, астырт ــ тотыдай түрленген ну орман, табанымның астында жыландай ирелеңдеген көне жол жатыр. Көзім көне жолға түскенде, бала кезімдегі бір оқиға есіме еріксіз орала берді...

Машинамен көшіп келе жатқанбыз. Кабинкеде әкем, шопыр үшеуміз. Қалғандар жеңіл машинамен ілгері кеткен. Біз Сайрамның жиегіне іліне бере ымырт үйірілді. Жүк тиелген біздің көк машина жол ортада бұзылып, екі күн аялдап қалғамыз, енді міне, сағаттық жылдамдығын 20 шақырымнан асыра алмай келеді. Осы жүріспен ілби отырып түннің бір мезетінде Талқының кезеңіндегі екі машина әзер сиярлық жолмен ақырын төменге құлдилап келе жаттық. Жолдың оң жағы ــ көлбеулігі шамалы терең сай, сол жағы ــ жол салынғанда шабылған құлама жартастар еді. Шатқал әлі таусылар емес. Әудемнен соң іргемізде артта қалып жатқан жартастар барған сайын аласарып, ақыры бірер түп самырсыны бар шағын алаңқыға жалғасқанда шопыр машинаны сол араға бұра тоқтатты. Біз бой жазғалы тысқа шықтық. Тамыз айы болғанмен, жұқа киімнен өтерлік болмашы ызғар бар, өне бойым тітіркеніп, кабинкеге кіруге асықтым.

Машинаның тұсына келіп, түзге отырғалы кеткен шопырды күтіп тұрғамыз, ол әлі жоқ. Сәлден соң сонадайдан оның қырылдаған дауысын естіп жанына жетіп бардық. Шопырымыз жерде алас ұрып жан таласа тыпырлап жатыр, тамағы сыр-сыр етеді. Әкем еңгезердей шопырды қолтығынан демеп тұрғызып, үстіндегі шаңын қақты да, күшпен сүйеп, машинаға алып жүрді. Мен он жастамын, шошып қалғаным рас, бірақ сездіргім келмеді.

–Қорықпа,–деді әкем үнсіз ілесіп келе жатқан маған қарап, –бұл ағаңның талма ауруы бар дейтін, тағы қайталаған көрінеді. Сәл тынығып алса сауығып кетеді.

Біз машинаға шықтық, әкем шопырды орнына демеп отырғызды. Мен машина шырағының әлсыз жарығында әкемнің сол жағында отырған шопырға ұрлана қарадым. Байқұс бір жақ шекесін аямай сүріп алыпты, мана жығылғанда мұрнынан қан ақса керек, көк жакетінің омырауы мен бір жақ жеңін қан дақтары былғапты. Қырма сақалды қара торы жүзі қуқыл тартып, шүңірек көздері қарсысындағы машина терезесінен әлде бір ноқатқа қимылсыз қадалып тұр. Қос қарашығы үстіне қарай жылжып кеткендей көрінді. Сәлден соң машина рөлін кеудесін тақай қос қолымен бас салды да, әкеме бұрылды:

–Сіз кімсіз? Бұл жерде неғып отырсыз? –дауысы тұтығып шықты.

–Мен ғой. Қандай, көрім боп қалдың ба?

–А, сіз, сіз...тоқтаңыз, ана…әлгі... е-е..., Ахат ағамсыз ба? Не боп кетті өзі, бұл... бұл жерге қашан келдыңыз?

–Сен әлгінде жығылып қалдың, қазір ештеме етпейді, осында және азырақ демалайық, иә? Мә, мынамен беті-қолыңды сүртіп ал, –деп әкем оған орамал ұсынды. Шопыр жаңа ғана аспаннан түскендей боп енді таңдана маған қарады, қарашығы өз орнында, дегенмен жанары жансыз, қалыпсыз еді.

–Бұл кім, қашан машинаға шығып алған? –деді ол.

–Менің балам-ғой, бәріміз бірге келе жатырмыз.

Шопыр сүле-сапа «ім» деп қойды да, моторды от алдыруға ыңғайланды. Әкем айдауға асықпауға нәсихаттап оған шілім ұсынды. Ол шілімін шегіп бола бере қайта маған қадалды :

–Ахат аға, мы-мынау кім, сіздің балаңыз ба?

–Иә, бұл менің балам ғой, –деді әкем байыптылықпен.

Тынығып алуға қайталай қузағанымен, шопыр енді әкемнің алдауратуына көнер емес, міңгірлеп өз қисынын түсіндіргендей болды да, машинаны дереу от алдырды. Жолға шыға бере біз сасып қалдық, Қасым шопыр қалпына келе қоймапты, қимылы сөдегей, рөлді басқаруы өте қалыпсыз, машина қия жолда оң жақ, сол жағына теңселіп келе жатқандай сезілді. Деседе, машинада кілтипан бар, қалай айдаса да, жылдамдығын 20-25 шақырымнан асыра алмайтын еді.

Әкемнің көзі алақандай боп кетіпті, дауысы ентіге шығады:

– Қасым ағаң әлі есін жинай қоймапты, байқұс үш күн бойы машина жөндетудің әлегімен әбден қалжырапты, талмасы да қатты ұстапты. Енді машинаны бұл тоқтатпайды, сені қазір түсіріп жіберемін. Маған сен, қорықпа! Артынан қайта келіп алып кетемін!


– Жоқ, әке, мен түспеймін, болмаса бірге секірейік, –деппін есім шығып.

Сол бір өлім-өмір арпалысы сәтінде маған істің жөнін түсіндіру қажетсыз еді, әсіресе, әкемнің уақыттан ұтпасына болмайтын-ды. Әкем шапшаң қимылдап, машинаның мен жақтағы есігін ашып жіберді де, мені қыса құшақтаған күйі түсіретін қолайлы жер іздеп жолды бағып отырды. Әкемнің қысылтаяң сәтте атқалай соққан жүрек дүрсілін сезіп келемін.

Шопыр бізге көз салар емес, алдына қараған беті машина рөлімен әбігер. Бізде үн жоқ, шопырдың назарын бұза берсек оқыс болатынын ішіміз біліп келеді. Машина қиқалаңдаған жүрісінен жазбай отырып жолдың кеңдеу жерінен өте бергенде, орай күтіп отырған әкем көз ілестірмей оң қолымен сол жақ қолтығымнан көтерді де, төмен қарай салақтатып межелеген жерге тастай берді. Жерге бір жақ жамбасыммен оңбай түссем де, бақытқа жарай еш жеріме зақым жете қоймапты. Есім шыққандықтан жылауға да мұрсам келмеді. Ауырсынған жамбасымды әзер көтердім де, теңселе кетіп бара жатқан есігі ашық машинаның артқы шырағы көзден таса болғанға дейін жүгіре беріппін.

Мен қорқа бастадым, ай бұлтқа жасырынған, айнала тас қараңғы. Тәуір болдырып қалыппын, аяңға көштім. Баяғы шыңырау жоқ, сай тағанына дейін тәп-тәуір көлбеулік бар тәрізді, боз жолдың шұбатылған сұлбасын да көріп келемін, бұлар аз да болса маған демеу бергендей еді. Сәлден соң шаршауым басылыпты, жолдың беткей жағын ала бір тегіс желіспен тағы жүгірдім. Бар сенгенім ــ әкемнің «көп өтпей қайтып келемін» деген бір ауыз сөзі ғана, қалғанын ойлауға мұрсам жоқ. Қанша уақыт жүгіргенімді, жүргенімді анық білмеймін, анадайда келе жатқан сары «Джип» жүрісін баяулатып қасыма тоқтады, арт жақ кабинкесінен басын шүперекпен орап алған әкем түсіп жатыр. Мен «әкелеп» бас салдымда, ол : «үһ, жаным, құлыным менің, аллам бір сақтады ғой бізді!» деуге ғана шамасы жетіп, мені ып-ыстық бауырына қатты қыса берді.

Сары «Джиптегілер» қош айтысып өз жөндеріне кетті. Әкеме қайта сәп салдым, үсті-басы қан, қоңқақтау келген мұрнының кеңсірігі күп боп ісіп кетіпті, қатты қалжаурап кетсе керек, қос жанарындағы жасты әрең іркіп маған мейірлене жымиып қана қойды. Ал менің «әке, не болды сізге» дегенге әзер шамам жетті де, әкемді қайта бас салып ағыл-тегіл жылай беріппін. «болды қарғам, жылама, ер бала көз жасын көрсетеме екен» дегенде барып мен басымды көтердім:

–Әке, шекеңізге не болды, ауырама?

–Жоқ, жаным, қазір ауырмайды.

–Мұрныңызшы, ол ауырмай ма?

–Сені көрдім, енді ауырғаны басылды, Құлжаға жеткен соң, емханаға барамын емес пе, ештеңе етпейді.

Әкемнің қос шанағынан сырғыған бір-екі тамшы жасты көрдім, бұл қуаныш жасы, бақыт жасы еді.

–Әке, сонда, Қасым аға қайда, машинаға бірдеме болды ма?

Жол бойы әкем маған істің мән-жайын әңгімелеп берді.

Мені жолдан түсіріп тастаған соң олар сол жүрісінде тартып отырыпты. Бастабында әкем машина есігін жаба қоймапты, ондағы ойлағаны ــ алда-жалда машина оқыс болатындай жағдай туыларын сезгенде жерге секірмек екен. Бірақ, жол ортада бұл райынан дереу қайтыпты, қасындағы шопырдың амандығынан алаңдапты. Бәрін осымен тең көрейін деп машинаның есігін жауып алыпты да, шопырдың ес жиуын күтіпті. Жол ортада шопыррды машина тоқтатуға ақырын айтып та, алдап айтып та көндіре алмапты. Қырсықтың көкесі артынан туылыпты: шопыр бір уақытта қалғуға көшіпті, әкем түртіп сергітсе таңдана әкеме қарап алып, үн-түнсіз рөлді басқарып отыра беріпті. Бірде, ұйықтағаны, не есінен танғаны беймәлім, машина рөлін меңгерусіз қалдырып, аяғын май бергіш тепкіге тіреп алған екен. Әкем жалма-жан шопыр жаққа қисая кетіп рөлді өзі ұстапты. Тормузды қалай басуды білсе де, «кенет оқыс болмасын, не болса да соңын бағайын» деп оған тимей, рөлді машинаның ыңғайы бойынша оңға, солға бұрып жүргізіп отырыпты. Оң жағындағы сай тағаны бараған сайын тереңдей берсе керек, ақыры машинаны тоқтатуға бекіпті де, жолдың алаңқылау бөлігіне жақындағанда тормузды басуға оңтайланыпты. Қырсық атқанда, шопыр оң жағына қисайып кетіп, тормуз оның бір жақ бүйіріне тіреле қалыпты. Осы кезде қарсы жақтан шырағымен цигнал бере бір машина келе жатыпты. Ең қысылтаяң сәт осы болса керек, әкем өзінің не істегенін толық білмейді екен, әйтеуір құтырына машинаның рөлін сол жағына қарай айналдыра беріпті. Машина тұмсығымен дәу самырсынға гүрс етіп соғылғанда барып есін жинағандай болыпты. Шопыр бір құлағын азырақ жырып алыпты. Ал, әкем машина соғылғанда шекесі алдңғы терезеге ұрылыпты, сосын екпінмен өз орнына түсе бере мұрнын машинаның әлде бір жеріне соғыпты. Бір қызығы бұл кезде шопыр есін жиып, недәуір айығып қалған екен, елпек қағып әкеме жәрдемдесіп жүр дейді. Әлгі машинадағылар жағдай сұрап аялдап қалған екен, әкем соған түсіп мені іздеп шығыпты.

Екі жаяу түн қараңғысын жамылып көздеулі жерімізге тартып отырдық, бір қолым әкемнің жып-жылы алақанында келеді. Ауық-ауық шыққан нажағай дауысын енді ғана сезгендейміз. Көп өтпей жаңбыр құйып, сай іші суытып сала берді, алайда, біз тоңар емеспіз.

жауапты редакторі : Нұрғиса Құрманжанұлы
 
   бұл хабарға бағаңыз
  • 1. Жұңхуа Халық Республикасының қатысты заң-ережелеріне бойсынып,торапта мөралды болыңыз, сіздің әрекетіңіз себебінен тікелей немесе жанамалай туындаған заңдық жауапкершілікті өзіңіз арқалайсыз.
    2.Қалам атыңыз бен жазған лебізіңізді басқарудың барлық ұқығы Халық Торабына тән.
    3.Халық Торабының сіздің Халық Торабының лебіз жазу бетіне жазған лебізіңізді торап ішінде көшіру немесе лебізіңізден ситат келтіру ұқығы бар.
    4.Егер басқару жағына пікіріңіз болса,лебіз жазу бетінің басқарушысына немесе Халық Газеті Мекемесінің Торап Орталығына аңыс етіңіз.